2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында оқушылар мен тәрбиеленушілерге арналған жаңа ұлттық тамақтану стандарттары қолданысқа енгізілді. Бұл стандарттардың негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын сақтау, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және білім беру ұйымдарында сапалы, қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету.
Ендігі уақытта мектептер мен балабақшаларда:

Тұз, қант және май мөлшері қатаң шектеледі;

Жасанды қоспалар, дәм күшейткіштер мен бояғыштарға тыйым салынады;

Мәзірге табиғи өнімдер, көкөністер мен жемістер көбірек қосылады;

Диеталық қажеттілігі бар балаларға жеке мәзір әзірленеді.

Медицина қызметкерлерінің рөлі қандай? Білім беру ұйымдарындағы медицина қызметкерлеріне арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, бекітілді.
Олар:

Балалар денсаулығын бақылап отырады;

Перспективтік мәзірдің орындалуын тексереді;

Тамақтың сапасы мен қауіпсіздігін бағалайды (бракераж);

Балалар арасында дұрыс тамақтану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

Ерекше тамақтануды қажет ететін балалардың тізімін жасайды.

Бұл не үшін маңызды? Соңғы жылдары балалар арасында семіздік, диабет, асқазан-ішек ауруларының артуы – дабыл қағарлық жағдай. Сондықтан да дұрыс, теңгерімді, қауіпсіз тамақтану – баланың дамуындағы маңызды фактор.

Есіңізде болсын!

Жаңа стандарттар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы №16 бұйрығы негізінде енгізіліп отыр;

Тамақтануға қатысты барлық процестер медицина қызметкерінің қатысуымен бақыланады;

Ата-аналар, педагогтар және әкімшілік бірігіп жұмыс істесе, балалардың денсаулығы мен болашағы сенімді қолда болады!